Tiл:

Мәтін мөлшері/Размер текста

Zoom in Regular Zoom out

Сауалнамалар/Опросы

Получаете ли Вы государственные услуги посредством портала Электронного Правительства?

Ақпарат

Информация

Банерлер

Байланыс

Алматы облысы, Панфилов ауданы, Жаркент қаласы, Головацкий көшесі, 129 тел: 8(72831)5-13-62
------------------------------------------------- Алматинская область, Панфиловский район, г.Жаркент, ул.Головацкого, 129 тел: 8(72831)5-13-62

16 желтоқсан-Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні

Панфилов ауданының әкімі Б. Абдулдаевтың

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған құттықтауы

image99936Құрметті халайық!

Қадірменді жерлестер!

Сіздерді егемен еліміздің өміріндегі ең ерекше мейрам, Ұлттық мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлы даланың ұлы тұлғасы атанған Елбасымыз – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күні кеше күллі қазақстандықтарға арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты кезекті дәстүрлі Жолдауында «Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі… Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз –тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» деген еді.

Ақиқатында да, азаттықтан асқан құндылық жоқ. Тәуелсіздік – мемлекет мұраты, егемендік – ел тілегі. Қарт тарихтың қатпарларынан белгілі, осы бағытта «мың өліп, мың тірілген» халқымыз талай-талай асулардан асты, белестерден өтті. Бірақ, қашандағы қалпынша қаһармандығынан таймай, бастарын бәйгеге тігіп, бостандық ұмтылу жолынан еш танбады.

Осы арада өткен ғасырдың сексен алтыншы жылы бүкіл дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісі туралы да айрықша айта кету керек. Тәуелсіздікпен терең тамырлас, саяси сабақтас, айрықша орайлас осынау орасан зор оқиғаның басты қаһармандарының қатарында сол кездегі «Желтоқсан көтерілісінің» ең алғашқы ресми мойындалған құрбаны, жаркенттік жас қыран Ербол Сыпатаевтың аталуы да – біз үшін өте үлкен мерей, орынды мақтаныш. Сонымен қатар қызғалдақ-ғұмыр қызымыз Ләззат Асанова да осынау ел еркіндігін аңсаған жастардың алдыңғы сапында болды. Отан үшін, жер үшін, ел тәуелсіздігі үшін жас жанын қиған аяулы боздақтарымыздың ерлігіне әрдайым бас иеміз.

Баршаңызға белгілі, тәуелсіздік жолы қандай қиын болса, жаңа жас мемлекетіміздің берік негізін қалау да оңайға түскен жоқ. Қиын-қыстау күндерді бастан кештік. Саяси және экономикалық жүйе түбегейлі өзгерді. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Қазақстан әлемдік қауымдастықтан өз орнын ойып алып, дәулетіне сәулеті сай, экономикалық қуаты мықты, халқы ынтымақшыл мемлекет ретінде қалыптасты. Еліміз Тәуелсіз мемлекеттер достастығының және Орталық Азияның жетекші елдерінің біріне айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының тең құқықты мүшесі болып, өз егемендігін заң жүзінде де, іс жүзінде де мойындатты.

Жалпы алғанда, біздің барлық қол жеткен жетістіктеріміздің бастауында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Елі сүйген, елі сенген Елбасымыздың ересен тұлғасы, көреген саясаты, данышпандық қабілет -қарымы бүкіл елімізді өркениеттің өріне қарай өршілдікпен бастап келеді.

Иә, жақсы нәтижелерге қол жеткізу – биік мәртебе. Ал оны баянды ету тіптен зор абырой. Бұл оңай да емес. Сондықтан қазіргі күндері Тәуелсіздігіміздің тегеурінінен екпін алып, алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тағы басқа да қоғамдық өміріміздің барлық салаларында егемен елдің еркін азаматтарына тән ересен істерімізбен танылуымыз қажет. Елбасымыздың «Біздің бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан! Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз» деген даналық сөзі баршамыздың алда тұрған бағдарымыз болуы тиіс.         

Ардақты ағайын!

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 24 жылдығы құтты болсын! Көк туымыз көкте желбіреп, көп ұлтты еліміздің мерейі әрдайым үстем болсын! Осы бағытта Желтоқсаннан бастау алған рух жалғастығы жігерімізді жанып, қайратымызды қанаттандырып, биік-биік белестерге бастай берсін!

Баршаңыздың көңілдеріңізге көл-көсір қуаныш, шаңырақтарыңызға шат-шадыман шаттық тілеймін! Аспанымыз ашық болып, Тәуелсіздік тұғыры нығая берсін!

Пікірлер қалдыруы жабылған.